
№ 65 маршрут қараша айында Қарағандыда жұмысын қайта бастайды, деп хабарлады қала әкімдігі.

"Қазан айының соңына дейін жеткізілуі күтілетін жаңа автобустардың есебінен № 65 маршруттың қозғалысы қайта басталады. Дүйсембеков (Әшімов) көшесіндегі жаңа тұрғын үй кешендерінің белсенді қоныстануына байланысты аталған көшелерге және одан әрі қалаға кіре отырып, маршрутқа түзетулер енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта коммуналдық шаруашылық, автожолдар және жолаушылар көлігі бөлімі автопаркпен бірлесіп қозғалыс сызбасын әзірлеу және кесте жасау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде", – деп хабарлады Қарағанды әкімдігі.

Еске салайық, 4-ші қазаннан бастап Қарағандыда "Күнгей-2, 3 ш. а. – 30-шы шағын аудан – Оңтүстік-Шығыс автостанциясы" бағыты бойынша № 20 жаңа автобус бағыты іске қосылды. Желіде жұмыс күндері бір автобус жұмыс істейді.
«Маршруттың сызбасы мен кестесі шағын аудан тұрғындарымен бірлесіп жасалған. Бүгінгі күні автобус кесте бойынша күніне төрт рейсті орындайды: 07:00, 12:30, 13:30 және 20:00. Қозғалыс кестесі мектеп оқушыларының сабақ кестесіне бағытталған. Алдағы уақытта жолаушылар ағынының өсуіне қарай рейстер санын және маршрут ұзақтығын ұлғайту жоспарлануда", – деп хабарлады қала әкімдігі.