Президент Қарағанды облысындағы бірқатар жолдарды жөндеуді тапсырды

Президент Қарағанды облысындағы бірқатар жолдарды жөндеуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуде өңір үшін маңызды бірқатар жолдарды жөндеуді тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Қарағанды облысы еліміздің дәл орталығында орналасқан. Біздің елдің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын негізгі магистраль осы аймақ арқылы өтеді. Автомобиль жолдарының сапасы аймақтың дамуына ерекше әсер ететіні анық.

Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі құрылуда. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп жатыр, мерзімдері бірнеше рет кейінге қалдырылды. Үкіметке келесі жылы Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бұрылбайтал автомобиль жолдарының құрылысын аяқтауды тапсырамын.

Қарағанды – Жезқазған тас жолының да маңызы зор. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын бұл жолды жөндеу орталық аудандармен байланысты жақсартуға және жүк ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Ұлытау облысының дамуына серпін береді. Екі облыстың инвестициялық және туристік әлеуеті артады. Бұл жолды жөндеуді келесі жылы бастау керек.

Сондай – ақ, Қарағанды – Қарқаралы автожолын жөндеуді тапсырамын. Барлық жұмыстар екі жыл ішінде аяқталуы керек. Бұл Қарқаралының туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Президент.