
10–15 қазан аралығында Қарағандыда кезекті рет "Әуенді Сарыарқа" ХХІІІ Халықаралық фестивалі өтеді. Төрт күн ішінде көрермендер классикалық, халықтық, үрмелі аспап, джаз секілді әртүрлі стильдер мен жанрлардағы музыканы тыңдап, әншілердің өнерін тамашалай алады.
Фестиваль 10 қазан күні сағат 18:30-да "Жұлдыздар аллеясына" КСРО Халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың атаулы белгісін орнатумен ашылады.

Фестиваль бағдарламасы:

12 қазан күні сағат 18:30-да "Шалқыма" концерт залында Қырғыз халық аспаптары оркестрінің Бішкек қалалық мэриясының концерті өтеді. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қырғызстанның Халық әртісі, профессор Бақтыбек Тілегенов;

13 қазан күні сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің джаз оркестрі өнер көрсетеді. Солист – джаз фестивальдерінің лауреаты Вероника Покровская (вокал, Калининград). Бас дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко;

14 қазан күні сағат 18:30-да "Шалқыма" концерт залында Е. Рахмадиев атындағы Академиялық симфониялық оркестрдің концерті өтеді. Солистер – ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жәния Әубәкірова (фортепиано, Алматы), Литва ұлттық сыйлығының лауреаты Дэвид Герингас (виолончель, Германия). Бас дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Петр Грибанов;

15 қазан сағат 17:00-де-фестивальдің жабылуы. "Шалқыма" концерт залында Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің концерті өтеді. Көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев, бас дирижер – "100 үздік есім" жобасының жеңімпазы Еран Бақтыгерей, дирижер – халықаралық байқаулардың лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев.