
Информатика бойынша EJOI-2022 Еуропалық жасөспірімдер онлайн-олимпиадасына 32 елден 172 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының намысын сегіз адам қорғады – олардың барлығы зияткерлік жарыстардың жүлдегерлері болды. Қарағанды қаласының №1 "Білім-инновация" лицей-интернатының оныншы сынып оқушысы Абзал Бекежан күміс медальға ие болды.

– Олимпиадалық жетістік – бұл бір күннің, тіпті бір айдың нәтижесі емес. Әдетте балалар пәндік олимпиадаларға алтыншы немесе жетінші сыныптан бастап қатыса бастайды, ал Абзал сегізінші сыныптың ортасында информатика жарыстарына кірісті. Өз бәсекелестерінен сәл кейін бастады. Дегенмен, ол айтарлықтай жетістікке жетті. Жасөспірімдер олимпиадасына ол алғаш рет қатысты, – дейді Абзалдың оқытушысы Нұрсұлтан Ахметов. – Мектепте жұмыс істеген сегіз жыл ішінде менің оқушыларым әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға 531 рет қатысып, 281 медаль жеңіп алды.
Нұрсұлтан Ахметов те кезінде № 1 "Білім-инновация" лицей-интернатында оқыған. Ал соңғы 4 жыл бойы осы білім орласында сабақ береді. Информатика мұғалімінің айтуынша, ең бастысы – оқушыны дұрыс бағыттау және оған олимпиадалық жолдың басында көрсету қажет, содан кейін ол өзін-өзі ілгері алып кете алады.

– Біз осындай деңгейдегі алдыңғы олимпиадалардың тәжірибесін қайта қарадық және зерделедік. Жарысқа екі апта қалғанда іріктеуден өткендерді Астанада жинап, дайындықтарын өткізді. Олимпиада қиын болған жоқ, екі кезеңнен тұрды, олардың әрқайсысында үш тапсырма берілді. Қазақстан құрамасында сегіз оқушы қатысып, барлығы жүлделі орындарға ие болды – бес екінші және үш үшінші орын. Қарағанды облысының атынан мен жалғыз өзім шықтым. IT-саласында одан әрі білімімді дамытуды жоспарлап отырмын, – деді Абзал.
Информатика бойынша Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы (EJOI) 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.