
Қарағанды облысында жергілікті билік зейнеткерлікке шығуға аз уақыты қалған адамдарға жұмыс табуға көмектеседі. Осы санаттағыларды жұмысқа орналастыру мәселелерін "Күміс жас" жобасы арқылы шешіледі. Осы күнге дейін 138 адам бағдарламаны пайдаланып үлгерді. Жыл соңына дейін жұмыспен қамту басқармасы өңірдің тағы 300 тұрғынына жұмыс табу жоспарлауда.

– Жұмыс берушілер өз кәсіпорындарында зейнеталды жастағы адамдарды жұмысқа орналастыруға құштар болмайтыны ешкімге құпия емес, – дейді 60 жастағы Нина Галаева. – Ұзақ жылдар бойы өзім үшін жұмыс істедім. Қаланың сауда үйлерінің бірінде шағын ателье болды, бірақ жалдау ақысының жоғарылауына және қызметтерге сұраныстың аздығына байланысты оны жабуға тура келді. Мен ұзақ уақыт жұмыссыз отырмадым. Қаланың халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, маған "Күміс жас" жобасы бойынша жұмысқа орналасуды ұсынды. Зейнетке шығуға маған бір жыл қалды. Мені ЖШС-нің біріне тігінші ретінде жұмысқа жіберді. Міне, жобаның арқасында мен тұрақты зейнетақы жарналарына сене аламын.
"Күміс жас" жобасының тағы бір қатысушысы – Жанбота Өтегеновті жұмыс беруші өзі тапты. Шет ауданының тұрғыны ұзақ уақыт бойы арнайы білімі болмағандықтан жұмысқа орналаса алмаған. Бұл туралы естіген "Ақсу" шаруа қожалығының басшысы оған қыстаққа қойшы болып жұмыс істеуді және лайықты еңбекақы төлеуді ұсынды.
– Біз шопан таба алмадық және Шет ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіндік. Онда бізге "Күміс жас" жобасына қатысу ұсынылды. Біз келістік. Олардың кандидатуралары болды, – дейді "Ақсу" ШҚ меңгерушісі Құндыз Мұрсаханова. – Нәтижесінде біз Жанбота Өтегеновті және тағы бір маманды жұмысқа алдық. Олар үшін жағдай жасап, лайықты еңбекақы бердік.
"Күміс жас" жобасы облыста осы жылдан бастап жүзеге асырылуда. Ол зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғындарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Бұл ретте мемлекет белгіленген жалақы мөлшерінің 50%-ын субсидиялайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды. Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну қажет.
– Біз жобаға жұмыс берушілерді де, зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды да тарту бойынша белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қаламқас Қадырбаева. – Оның ішінде консультациялар, бос орындар жәрмеңкелерін өткіземіз. Сондай-ақ жылжымалы мобильді рекрут пункттері шығады, қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту орталықтарының Instagram-дағы ресми парақшаларында хабарландырулар орналастырылады, сондай-ақ ХЖҚО-да орнатылған LED-экрандар мен телеэкрандарда бейнероликтер жарияланады.
Жыл басынан бері жобаны жүзеге асыру аясында 115 жұмыс берушімен келісім-шарт жасалды. Жобаға 138 адам жіберілді, жыл соңына дейін 300-ге жуық тұрғынды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.