Саран қаласының хор ұжымы облыстық "Өнерім-өмірім" байқауының бас жүлдесін иеленді

Саран қаласының хор ұжымы облыстық "Өнерім-өмірім" байқауының бас жүлдесін иеленді

Қарағандының Кеншілер Мәдениет Сарайында аға ұрпаққа арналған "Өнерім – өмірім" атты шығармашылық байқау өтті. Бас жүлдені Саран қаласының "Ақ әжелер" хоры иеленді.

Шығармашылық байқауға Шет, Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров, Абай аудандары мен Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск, Балқаш және Қарағанды қалаларының 170-ке жуық өкілдері қатысты.

Қатысушылар үш номинация бойынша жарысты: "Хор ұжымдары мен ансамбльдері", "Жеке орындау" және "Музыкалық аспапта жеке орындау".

"Хор ұжымдары мен ансамбльдері": бірінші орынды "Русские самоцветы" халықтық орыс әнінің хоры (Қарағанды қ.); екінші орынды "Алая гвоздика" шығармашылық ұжымының атынан Шахтинск қаласынан еңбек ардагерлері; үшінші орынды "Айқаракөз " вокалдық тобы (Қарқаралы ауданы) алды.

"Жеке орындау" номинациясында балқаштықтар үздік атанды. Бірінші орынды Таңат Іргебай, екінші орынды Алмагүл Сатенова, үшінші орынды Күлән Сәдуақасова иеленді.

"Музыкалық аспапта шығарманы жеке орындау" санатында Қанапия Қалкен (Қарағанды) үздік атанды, екінші орынды Әнет Сепбосынов (Қарағанды) және үшінші орынды Әлия Батырбекова (Шет ауданы) иеленді.

Жеңімпаздар дипломдар және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.