
Қазақстанда "Архив және болашақ ұрпақ" республикалық жобасы басталды. Оқушылар мен студенттер туған өлке мен елдің тарихын мұрағат құжаттары негізінде оқи алады. Олар саяси қуғын-сүргін құрбандары, жастар қозғалысының дамуы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы және т. б. туралы материалдарға қол жеткізе алады.

Қарағанды облысында Бұқар Жырау ауданының мемлекеттік мұрағаты жобаны алғашқылардың бірі болып қолдады. Ашық есік күніне Ботақара кентінің жоғары сынып оқушылары мен екі мектеп мұғалімдері шақырылды. Оларға мұрағат қоймалары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, архив қызметкерлері тарих сабағын өткізді. Сондай-ақ, аудан тарихының түрлі кезеңдерін бейнелейтін деректі материалдар мен фотосуреттер көрмесі дайындалды.

Оқушылар аудандық мұрағаттың тәуелсіздік жылдарындағы қызметі туралы фильм тамашалады. Содан кейін "Сен өз кентіңнің тарихын білесің бе?" атты викторинаға қатысты.