Қарағанды симфониялық оркестрі қазан айында 40-шы концерттік маусымын ашады

Қарағанды симфониялық оркестрі қазан айында 40-шы концерттік маусымын ашады

2 қазанда Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі мерейтойлық, 40-шы шығармашылық маусымын ашады. Концерт «Шалқыма» концерт залында сағат 17:00-де өтеді.

Симфониялық оркестрдің жоспарлары туралы оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері Петр Грибанов айтып берді.

– Биыл бізде мерейтойлық, 40-шы концерттік маусым. Оркестріміз Еркеғали Рахмадиевтің есімімен аталады, сондықтан ашылуда бірінші орындайтын шығармамыз «Құдаша думан» күйі болмақ. Біз онымен бірнеше рет өнер көрсеттік, және әрқашанда қошеметке бөлендік. Бұл керемет музыка және біз оны ойнаудан ләззат аламыз. Одан кейін жас солист Петр Федотовтың орындауында Чайковскийдің скрипкаға арналған концерті болады. Скрябиннің №3 симфониясын да ұсынамыз. Биыл күллі әлем оның туғанына 150 жыл толуын атап өтуде, – дейді Петр Грибанов.

Оркестрдің биылғы маусымға жоспарлары көп. Бұл «Астана Опера» театрымен бірлескен қойылым және жарқын жаңа жылдық концерт. Бірақ ең алдымен – дәстүрлі «Музыкалық Сарыарқа» фестивалі.

– Біз екі көрнекті солистпен өнер көрсетеміз: Жәния Әубәкірова Чайковскийдің алғашқы концертін орындайды, және бізге алғаш рет аты аңызға айналған виолончельші Давид Герингас келеді. Ол сонау 70-жылдары Чайковский атындағы байқауда бірінші жүлдені жеңіп алды. Желтоқсан айында әдеттегідей қазақ композиторларының шығармаларынан концерт береміз. Ал оның алдында Еркеғали Рахмадиевтің мерейтойлық концертін қоямыз. Біз «Астана Опера» театрымен спектакль қоюды жоспарлап отырмыз. Әрине, тұрақты концерттер болады.Шығармашылық маусымның жабылуы мамыр айының соңына жоспарланған. Және де «Астана Опера» театрымен тағы бір кездесу болуы керек, – дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі.

Оркестр 1983 жылы қарашада құрылғандықтан, мерейтойын келесі жылы атап өтеді.