
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде қазақтың тұңғыш математик-профессоры, "Алаш" партиясының негізін қалаушылардың бірі Әлімхан Ермековтың құрметіне стипендия төленетін болады. Атаулы стипендия иегері конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша анықталады.

Атаулы шәкіртақыны тағайындау "Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы" халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясының қарарымен ұсынылды. Ол белсенді қоғамдық-саяси қызметі, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетістіктері және үздік үлгерімі бар студентке берілетін болады.
ЖОО-да хабарлағандай, ай сайынғы стипендия мөлшері 36 660 теңгені құрайды. 25 қыркүйекке дейін өтінімдер қабылданады, содан кейін комиссия жеңімпазды таңдайды.
Оқыту нысаны бойынша шектеулер жоқ. Стипендия мемлекеттік білім беру гранты бойынша да, ақылы негізде де оқитын студенттерге тағайындалуы мүмкін. Оны университеттің бюджеттен тыс қаражатынан төлейтін болады.