
Ақжал ауылының 60 жастағы жаттықтырушысы Болат Манабаев дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ардагерлер арасында әлем біріншілігі Краков қаласында (Польша) өтті.

Болат Манабаев Шет ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол бүкіл өмірін балаларды жаттықтыруға арнаған және бірнеше спорт шеберлері мен чемпиондарын тәрбиелеген. Бапкерлік қызметімен қатар Болат Манабаев аудан мен облыстың ғана емес, еліміздің намысын қорғап, спорт ареналарында белсенді өнер көрсетеді. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері және жоғары білікті жаттықтырушы.

– Мен әлем чемпионатына бірінші рет қатысып отырған жоқпын. 2017, 2018 және 2019 жылдары Грекия, Марокко, Болгарияда өткен біріншіліктерде әлем чемпионы атандым, – дейді спорт ардагері. – Биыл ұпай бойынша екінші орын алдым, бірақ өз жеңісіме сенімді болдым. 81 келі салмақта өнер көрсеттім.

Болат Манабаев жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары – грек-рим күресі, дзюдо және самбо күресінен спорт шеберлері. Спортқа жаттықтырушының немерелері де жақын.

– Мен балалармен кәсіби түрде жұмыс істеймін. Қазір менде 50-ден астам жас спортшы жаттығады. Олардың арасында өте қабілетті балалар бар, – дейді Болат Манабаев. – Алда 20–23 қазан күндері Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Сондай-ақ, келесі жылы әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетемін деп үміттенемін.