
1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Ол азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін автоматты түрде анықтайды және проактивті форматта оларға кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Отбасының цифрлық картасында облыстың барлық тұрғындары туралы мәліметтер жинақталған, олар отбасылардың әл-ауқат деңгейі бойынша бөлінген. Ол бес өлшеммен анықталады: экономикалық өмір сүру жағдайлары, денсаулық сақтау қызметтерімен қамту және мүгедек адамдардың болуы, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік жағдайлар, білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі.

Цифрлық карта келесідей жұмыс істейді: жүйе мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасыларды автоматты түрде анықтайды және әлеуетті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуге келісім алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі.
Келісім алғаннан кейін жәрдемақылар, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін алушының банк шотына жібереді.
"АӘК әлеуетті алушыларды пысықтау шеңберінде өңірде жұмыс топтары құрылды, олардың күшімен отбасының цифрлық картасы базасында мәліметтерді тексеру ұйымдастырылды. АӘК алуға 27 760 үміткердің 26 721-і немесе 96,3%-ы қамтылды", – деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігінде.

Жобаны іске асыру кезеңдері:
- 1 қыркүйектен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылды;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау мен білім беруде мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
- 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлерімен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, келесі жылы пилоттық режимде банк карталарына балама ретінде "Әлеуметтік әмиянды" енгізу жоспарлануда. Ол Ұлттық банк жүйесінде әрбір қазақстандыққа ЖСН бойынша ашылады және оған есептелген қаражатты банктер, коллекторлар және салық органдары тарапынан өндіріп алудан қорғауға мүмкіндік береді. Бұл ретте оның иелеріне шот ашу немесе банк картасын жаңарту үшін (әрбір 3 жыл сайын) екінші деңгейдегі банктерге тұрақты барудың қажеті жоқ. Бұл сондай-ақ әмиянға әлеуметтік төлемдерді белсенді түрде есептеуге мүмкіндік береді. Азаматтар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды қайда есептеу керектігін өз бетінше таңдай алады: әлеуметтік әмиянға электрондық ақшамен немесе әдеттегі тәсілмен банк картасына. Әлеуметтік әмияннан сіз өз қаражатыңызды банк картасына аудара аласыз және оны әдеттегідей пайдалана аласыз немесе қолма-қол ақша аласыз.