«Астана Балет» Қарағандыдағы фестивальде өнер көрсетеді

«Астана Балет» Қарағандыдағы фестивальде өнер көрсетеді

«Астана Балет» театрынының ұжымы 22-қазанда «DosStar» халықаралық оперетта және мюзикл фестивалінің аясында Қарағанды қаласында өнер көрсетеді. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары хороеограф Стефан Жеромскийдің қойылымындағы заманауи би кемеңгері Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» атты туындысы мен әйгілі музыкант Карина Абдуллинаның Мукарам Авахри хореографиясындағы «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балетін тамашалай алады.

– Қарағандылық көрермен бізге үнемі ыстық ықыласын білдіріп жатады. Олардың алдында өнер көрсету, біз үшін зор мәртебе. Бұл жолы біз былтырғы театр маусымының премьераларын - «Тағдыр бұлтарыстары» және «Жолдан тайғандар» спектакльдерін қарағандылық талғампаз көрерменнің назарына ұсынбақшымыз. Бұл туындылар астаналық көрерменнің көзайымына айналды. Осы гастрольге біз үлкен жауапкершілікпен қарап, талғамы биік көрерменнің көңілінен шығатын, репертуарымыздағы үздік туындыларды паш етпекшіміз, – деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.

«Жолдан тайғандар» – әйгілі хореографтың 1989 жылы қойылған ақ-қара түсті балеттерінің үзіндісі. Осы күні ол дербес туынды деңгейіне көтеріліп, би әлеміндегі құбылысқа баланады.

Спектакль дауылпаздардың сүйемелдеуімен өтеді: «Астана Балет» симфониялық оркестрінің ұрмалы аспаптар тобы америкалық минималист Стивен Райхтың «Drumming» атты күрделі шығармасын орындайды.

Кештің екінші бөлімінде көрермендер әйгілі музыкант Карина Абдуллинаның Мукарам Авахри хореографиясындағы «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балетін, бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен тамашалай алады.

Балеттегі әрбір би – ғажайып кейіпкерлер – Таро көне карта жүйесіндегі Үлкен буын жайлы баяндайтын жеке-дара шағын туынды іспетті. Спектакльде тағдыр жайлы ой-толғау мен орта ғасырлық атмосфера айқын сезіледі.

Бұған қоса, «Астана Балет» театрының солисттері Айнұр Әбілғазина мен Сүндет Сұлтанов 23-қазанда өтетін гала-концертке қатысады.

Жыл сайын өтетін «DosStar» халықаралық оперетта және мюзикл фестивалі Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының бастамасымен ұйымдастырылып, Қарағанды облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасының қолдауымен өтеді.

astanaballet.com/kz