
Дүниежүзілік тазалық күніне Қарағанды облысының 33 мыңға жуық тұрғыны қатысты. Олардың күшімен полигондарға 160 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды.

Сенбіліктер саябақтар мен гүлзарларда өтті, орман алқаптары тазартылды.

– Өңірде 582 орын белгіленді, олардың кейбіреулері халықаралық веб-сайтта көрсетілген https://www.worldcleanupday.org. Акцияны әкімдіктердің, экология департаментінің, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың, экологиялық мұражайдың ұжымдары белсенді қолдады. Сенбілік кезінде полигонға 160 мың текше метрден астам қалдық жиналып, шығарылды, 46 рейс жасалды, – деді Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.

Акцияға қатысушылар қоқысты жинап қана қоймай, оны фракциялар бойынша сұрыптады.

– Акцияға жастардың белсенді қатысқаны қуантады. Бұл адамдардың экологиялық білімі мен санасына үлкен үлес. Біздің аз да болсын күш-жігеріміз табиғатымызға көмектесе алады, – деді эколог Елена Варганова.
Сенбіліктен кейін акцияға қатысушылар үшін сыйлықтар мен викториналар ұйымдастырылды.