
Қарағанды облысы колледждерінің оқушылары "Қазақстан Республикасы колледждерінің Топ-100 студенті" байқауына қатыса алады. Бірақ алдымен аймақтық деңгейде іріктеуден өту қажет.
"Қоғамдық бірлестіктердің, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының және еріктілер қозғалысының мүшелері; WorldSkills чемпионатының қатысушылары мен жеңімпаздары; ғылыми конференциялардың қатысушылары және олимпиадалардың, түрлі конкурстардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары болып табылатын ТиППО ұйымдарының студенттері шақырылады", – деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Қарағанды облысының Білім басқармасы және білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы 26 қыркүйекке дейін tipo@umckrg.gov.kz электрондық мекенжайы бойынша республикалық конкурстың өңірлік деңгейіне қатысу үшін материалдарды (өтінім, уәждемелік хат, болашақ маман ретінде студентті таныстыратын және белсенді қызметін көрсететін бейнеролик, өңірді/республиканы дамыту үшін өз мамандығы бойынша өз жобасын таныстыру) қабылдайды.
Нәтижелер 29 қыркүйекте жарияланады. Үздік 10 студенттің құжаттары республикалық кезеңге жіберіледі.