
"Мерейлі Отбасы – 2022" байқауының облыстық кезеңінде бірінші орынды Нұра ауданының Әлімбаевтар отбасы иеленді. Енді олар қазан айында елордада өтетін Республикалық турда Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.
Өңірде сегізінші рет өткізіліп отырған байқауға облыстың барлық аудандарының өкілдері – барлығы 25 отбасы қатысты.

Қарағандының Достық үйінде жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орынды Нұра ауданынан келген Әлімбаевтар отбасы иеленді. Отағасы Тельман Әлімбаев мемлекеттік қызметші, еңбек ардагері, жұбайы Күлпан апа – "Күміс алқа" және "Алтын алқа" иегері. Ерлі-зайыптылар 60 жыл бірге өмір сүріп келеді, олардың сегіз баласы, 23 немересі және үш шөбересі бар.
– Біз Нұра ауданының Кертінді ауылынан келдік. Бұл байқауға біздің отбасымыз алғаш рет қатысып отыр. Толық құраммен жарыстық. Біздің отбасымызда алты ұл және екі қыз бар. Аудандық кезеңде Гран-при жеңіп алдық. Біз облыстық байқауда да жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз. Республикалық кезеңде облысымыздың абыройын лайықты қорғауға тырысамыз, – дейді жеңімпаз отбасының үлкен қызы Жанна Әлімбаева.

Екінші орынды Ақтоғай ауданының Күлшікеновтар отбасы иеленді.
– Біздің отбасымызда он бала бар, біз бәріміз музыкалық аспаптарда ойнаймыз және ән айтамыз. Байқауға алғаш рет біздің отбасымыздың 20-ға жуық мүшесі қатысты. Белгілі аудандық "Тоқырауын толқындары" ансамблінің құрамында 40 жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Біздің отбасылық ансамбліміз де бар. Менің ойымша, біз осындай жетістікке қазақ өнерін дәріптеудегі күш-жігеріміздің арқасында қол жеткіздік, – деп атап өтті Күлшікеновтар отбасының өкілі Нұрлан.

Үшінші орынды Саран қаласының Костиндер және Қарқаралы ауданының Балықпаевтар отбасылары өзара бөлісті.

Бірінші және екінші орын иегерлеріне бүкіл отбасы үшін 10 күнге санаторийге жолдамалар берілді. Үшінші орын алғандар арнайы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар алды. Сондай-ақ, Приозерск қаласынан келген Қабышевтар отбасы арнайы сыйлықпен марапатталды. Қалған қатысушылар түрлі номинацияларда марапатталды.
Барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.