Қандай мәселелер шешілді және тағы не істеу қажет: Қарағанды облысының әкімі нұралықтармен кездесті

Қандай мәселелер шешілді және тағы не істеу қажет: Қарағанды облысының әкімі нұралықтармен кездесті

Жолдардың жағдайы, тұрғын үй-коммуналдық саласының жақсаруы – бұл Нұра ауданының тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер. Осы бағыттарда қандай өзгерістер күтілетінін ауыл тұрғындары Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектен кездесу барысында сұрай алды.

Өңір басшысы мамыр айында нұралықтармен кездескен болатын. Онда көтерілген мәселелердің бір бөлігі шешілді, қалғандары қарастырылып жатыр.

Мысалы, Нұра – Мыңбаев жолының учаскесінде жарықтандыру жүргізілді. Шұбаркөл кентінің кентішілік жолдарына және Алғабас ауылына дейінгі автожол учаскесіне орташа жөндеу жүргізілді. Аудан орталығында тұрғын үй құрылысы жалғасуда.

– Облыстық бюджет қаражаты есебінен Шұбаркөл, Нұра және Ахмет селоларындағы кентішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Нұра ауданындағы кентішілік жолдар мен тротуарларды жөндеу жұмыстары аудандық бюджеттен қаржыландырылды, – деп баяндады Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.

Шұбаркөлде қазандық жөнделді. Жанбөбекте су құбыры желілерін қайта жаңарту аяқталады. 2023 жылға Құланөтпес (Теңіз) ауылында су құбыры құрылысы, Жараспай ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту және тұщыландырғыш орнату жоспарланған.

Байтуған және Заречное ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салу жоспарлануда.

Мәдениет нысандарына да көңіл бөлінуде. Аудан орталығында орталық кітапхана күрделі жөндеуден өтті, үш елді мекенде ауылдық клубтар жөнделді, тағы үш ауылдық мәдениет үйінде шатыр ауыстырылды. Нұра кентінде Өнер үйін және Баршын ауылында Мәдениет үйін салу жоспарлануда.

Аудан тұрғындарына кентішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасатыны мәлімделді. Нұра кентінде тротуарлар жағдайы да қолға алынады. Оларды қалыпқа келтіру ең көп жүретін жаяу жүргіншілер учаскелерінен басталады.

Сондай-ақ ауданда облыстық маңыздағы Нұра-Осакаровка жол учаскесінде қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.  Барлығы 20 км жолды ретке келтіру жоспарлануда. Қазір жер жұмыстары жүргізілуде, 9 шақырым жерде олар аяқталды. Содан кейін ол екі қабат асфальтбетонмен жабылады. Асфальт қазірдің өзінде 1,5 км жолға төселді.

– Біздің міндетіміз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Бұған мемлекеттік бағдарламалар көмектеседі. Сіздердің қойған барлық сұрақтарыңыз маңызды және қарастырылуда, алдағы кездесулерде біз олардың қалай шешілетінін хабарлаймыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.