
Гемодиализ терминалдық бүйрек жеткіліксіздігі бар қарағандылық емделушілер үшін қолжетімді болады. Биылғы жылы медициналық сақтандыру қоры осы қымбат процедураның төлемін қаржыландыруды екі есеге арттырды.
Қарағанды облысында 689 пациент қанды жасанды тазарту бойынша өмірлік маңызды процедуралардан өтеді. Өткен 7 айда медициналық сақтандыру қоры олардың төлеміне 1,9 млрд теңге жұмсады.
Nefro Care KZ орталығының Қарағанды филиалында созылмалы бүйрек ауруымен есепте 82 пациент тұр. Олардың көпшілігі 8-10 жылдан бері диализде. Ем алу жиілігі негізінен талдау нәтижелеріне байланысты. Науқастар анализді айына екі рет тапсырады. Аурудың ауырлығына және көрсетілімдеріне байланысты орталықта жоғары ағынды диализ, гемодиафильтрацияның екі түрі немесе проблемалық тамырлары бар пациенттер үшін бір инелі диализ жүргізіледі.
Қарағандылық 48 жастағы Ернұр И. диализде 20 жылдан астам уақыт отыр. Ол орталыққа аптасына үш рет барады. Әр процедура 4 сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде жабдық қанды токсиндерден тазартады және денеден артық сұйықтықты кетіреді.
– Процедурадан процедураға дейін жағдайым қалыпты. Қалған уақытта біз қарапайым өмір сүреміз, әл-ауқатым жақсы. Процедураның өзі ыңғайлы жағдайда, жақсы жабдықта өтеді, барлық қажетті заттар тегін қамтамасыз етіледі, – дейді пациент.
Қарағанды облысында тоғыз медициналық ұйым гемодиализ жүргізеді. Биыл гемодиализ процедураларын төлеуге 3,6 млрд теңге жоспарланған. 2019 жылы медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін қаржыландыру 1,9 млрд теңгені құрады.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойынша