
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында 14 қыркүйек күні сағат 16:00-де "Шахтинск квартеті" көрмесі ашылады.
"Ол Шахтинск қаласының төрт суретшісі – Жаңабек Жұмабеков, Елена Нивиденская, Ерсін Темірғалиев және Наталья Сайгушеваның шығармашылығын көрсетеді. Олардың барлығы А. Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебінде жұмыс істейді", – деді мұражайда.

Авторлар туралы қысқаша айта кетсек. Жаңабек Жұмабековті күрделі психологиялық жанр – портрет қызықтырады. Ол өткеннің ұлы қайраткерлері мен замандастарымыздың бейнелерін жасаған. Шығармаларда ересектер мен балалардың табиғаты ашылады, жеке ерекшеліктері беріледі.
Елена Нивиденская көрмеде киізден жасалған таңғажайып туындыларды ұсынады. Суретші дәстүрлі киіз басу техникасында жұмыс істейді, "жүнмен кескіндеме" техникасында түстердің ең нәзік нюанстарымен суреттер жасайды және қазіргі заманғы нунофельтинг бағытында тәжірибе жасайды (жібекке дымқыл жүн басу).
Ерсін Темірғалиев – облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері және лауреаты, Қарағанды Жас суретшілер Одағының мүшесі, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі. Экспозицияда оның шығармашылығының сан қырлылығын көрсететін туындылар ұсынылған. Ол мүсін, кескіндеме және графикаға қызығушылық танытады.
Наталья Сайгушева өз жұмысында пейзаж жанрын ұнатады, жылдың әртүрлі уақыттарында табиғаттың сұлулығын бейнелейді. Көрмеге ыстық батик техникасындағы жұмыстар, сиямен, соуспен, пастельмен жасалған графикалық парақтар қойылған.
"Шахтинск квартеті" көрмесі 26 қыркүйекке дейін жалғасады. Жұмыс күндері мұражай 10:00-ден 18:00-ге дейін, демалыс күндері – 10:00-ден 17:00-ге дейін.