
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар қазақ музыкалық-драма театры Қарағандыдағы гастролі барысында мектептегі ыстық сезім туралы "Алғашқы махаббат" комедиясын, "Симба" ертегісін көрсетеді, сондай-ақ "Есіңе мені алғайсың" музыкалық-поэтикалық кешін өткізеді. Осының барлығы 21 және 22 қыркүйек күндері Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының сахнасында көрермен назарына ұсынылады.
– Өткен жылдың мамыр айында театрымыз Павлодарға гастрольдік сапармен барды. Жаңа спектакльдер көрсетіп, тәжірибе алмастық. Енді Павлодарлық музыкалық-драма театры бізге келе жатыр. 21–22 қыркүйекте Қазақ драма театрының сахнасында, ал 23 қыркүйекте Теміртауда өнер көрсетеді, – деді Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Құрман Қалымов.
Павлодар театры өз жұмысын 90-шы жылы бастаған. Осы уақыт ішінде 150-ге жуық спектакль қойылды. Гастрольдер үшін павлодарлықтар музыкалық-поэтикалық кеш, комедия мен ертегі дайындады.
– Біз "Есіңе мені алғайсың" музыкалық – поэтикалық кешін өткіземіз, Қанат Жүнісовтың "Алғашқы махаббат" комедиясын және балаларға – "Арыстан патшасы" мультфильмінің желісі бойынша "Симба" ертегісін көрсетеміз, – дейді Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Нүркен Тұрлыбек.
Өнер ұжымы кішкентай қарағандылық көрермендерді 21 және 22 қыркүйекте сағат 11:00-де қазақ драма театрында күтеді. Сондай-ақ, 21 қыркүйек күні сағат 18:30-да Нүркен Тұрлыбектің инсталляциясы "Есіңе мені алғайсың" атты музыкалық-поэтикалық кеш өтеді. Ал 22 қыркүйек күні сағат 18:30-да қарағандылықтар "Алғашқы махаббат" комедиясын тамашалай алады.
Билеттерді драма театрының кассасынан және "Тикетон" сайтынан сатып алуға болады.
Анықтама телефондары: 41-39-89, 42-02-97 және 8-705-343-33-05.