Қарағандыда үздік тау-кен құтқарушы анықталды

Қарағандыда үздік тау-кен құтқарушы анықталды

Қарағанды және Шахтинск жасақтарының тау-кен құтқарушылары өз біліктері мен дағдыларын көрсетті. 

Осы жылы кәсіби көпсайыс бойынша жыл сайынғы жарыстар аймақта тау-кен құтқару қызметінің құрылғанына 90 жыл толуына орайластырылды.

Жарыс қорытындысы бойынша ВУМТ1 1ВАСО командасы жеңіске жетті (взвод командирі – Дмитрий Лизун, бөлімше командирі – Аманжол Тұрмұратов).

Жеке біріншілікте Юрий Верховод үздік респиратор-құтқарушы, ал жедел автомобильдің үздік жүргізушісі Александр Герфурт деп танылды.

Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Оған бес бөлім қатысты – командалық құрамы бар 40 адам.

"Барлау" барысында шахтаның апаттық учаскесін тексеру және зардап шеккендерді табу қажет болды.

Тау-кен құтқарушылары қауіпсіздік техникасын барынша сақтай отырып, алғашқы көмек көрсетуге және адамдарды жер бетіне эвакуациялауға тиіс болды.

Эстафетадан өту кезінде жылдамдық, күш пен ептілік қажет болды. Мұнда апатты жоюға бөлімшеге шығу үшін жолдаманы толтыру, белтемірге тартылу, бөренелерді аралау, "зардап шегушіні" тасымалдау және т. б. әрекеттерді орындау қажет болды.

Көріністік кезеңдердің бірі сумен, ауа-механикалық көбікпен және арнайы ұнтақпен "өртті сөндіру" болды. Соңғы кезеңде тау-кен құтқарушылары апаттық қазбадағы ауа шығынын есептеу жүргізді. Биылғы жылы жаңа жаттығу қосылды – ұңғымалық кенжарға желдету қондырғысын төсеу дағдысы.

– Жарыс процесін зерделей отырып, біз құтқарушылардың дағдыларын бағалаймыз және жеке құрамның ықтимал апаттарды жоюға жедел-техникалық дайындығын одан әрі арттыру үшін түзетулерді жүзеге асырамыз. Қызметкерлердің іс-әрекеттерін бағалау кезіндегі басты өлшемшарттар – жеке жаттығулардың дұрыс орындалуы, апаттық-құтқару жұмыстары кезіндегі іс-қимылдардың реттілігі, сондай-ақ міндетті орындауға ең аз уақыт жұмсау, – дейді "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС Қарағанды филиалы директорының жедел-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары Жұмат Өкенов.

Қарағанды бассейнінің тау-кен құтқару қызметі "Қарағандыкөмір" трестінің 1932 жылғы 1 қарашадағы № 228 бұйрығымен құрылды. КӘАҚҚ РОШ Қарағанды филиалының құрамына Қарағанды, Шахтинск, Қаражал және Шұбаркөл-көмір және тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары орналасқан жерлердегі отрядтар кіреді.

Қызметтің негізгі мақсаты қауіпті өндірістік объектілерге апаттық-құтқару қызметін көрсету болып табылады: адамдарды құтқару, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және оларды эвакуациялау; өрттерді сөндіру, жарылыстардың, құлаудың, көмір мен газдың кенеттен шығарындыларының салдарын жою.