Қарағандыда халыққа қызмет көрсететін заманауи цифрлық кеңсе ашылды

Қарағандыда халыққа қызмет көрсететін заманауи цифрлық кеңсе ашылды

Қарағандыда Халыққа қызмет көрсету орталығы мен автоХҚКО орналасқан фронт-кеңсе ашылды.

Бүгін оны цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен облыс басшысы Жеңіс Қасымбекке таныстырды.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін екі ХҚКО-да Connection Point деп аталатын өзіне-өзі қызмет көрсету алаңдары ұйымдастырылған. Келушілер оператордың шақыруын күтпей-ақ электрондық қызметтерді өз бетінше ала алады. 

Ол үшін мұнда смартфондар орнатылған, Wi-Fi, принтерлер бар.

Электрондық учаскелерде кеңесшілер де жұмыс істейді.

– Жаңа ХҚКО-ларда біз қызмет көрсету үдерісін өзгерттік. Біріншіден, олар Кайдзен принциптерін қолдана отырып, халық ағынын ескере отырып, аймақтарға бөлінді, дұрыс орналастырылды. Келушілерге смартфондар арқылы көбірек қызмет көрсету үшін Connection Point өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының жұмысын толығымен қайта жасадық, – деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин фронт-кеңсені таныстыру барысында.

Сондай-ақ Connection Point-те Egov-тан топ-қызметтерді табуға және оларды жеңілдетілген форматта пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы BI-модуль бар.

Орталықтардың операциялық залдары үш түрлі секторға бөлінген: экспресс-аймақ, әлеуметтік қызметтерді ұсыну аймағы және жайлылық аймағы. 

Енді мемлекеттік қызметтерді ұсыну кезінде келушілер бірден олардың мәселелерінің күрделілігі мен жеделдігіне қарай бөлінеді.

Сонымен қатар, жаңа фронт-кеңседе "қағазсыз ХҚКО" жобасы іске асырылуда. Операторлар бұдан былай клиенттерден қағаз өтініштер беруді талап етпейді, сондай-ақ өтініштер қабылданғаннан кейін берілетін қағаз қолхаттары мен қағаз жеткізгіштердегі нәтижелер жойылады. Оның орнына клиенттер SMS алады.

– Бүгінгі таңда қағаз айналымы сегіз мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қысқартылды. Жақын арада тағы да 30 қызмет көрсету кезінде қағазды пайдаланудан бас тарту жоспарлануда, – деп атап өтті Сүйеніш Әбділдин.

Жаңа цифрлық фронт-кеңсе 134-ші есептік квартал, 709-құрылыс мекенжайы бойынша орналасқан.

Мұнда мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдай жасалған, сондай-ақ олар үшін арнайы шақыру батырмасы орнатылған және жеке терезе жұмыс істейді.

Балалары бар келушілер үшін ана мен бала бөлмесі және ойын бөлмесі қарастырылған.