
Академик Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері 16 отбасынан 60 баланы мектепке жинауға көмектесті.

AQNIET жастар қайырымдылық ұйымының белсенділері жыл сайынғы "Мектепке жол" акциясы аясында 160 мың теңге жинады. Бұл қаражатқа студенттер мектеп керек-жарақтары мен сөмкелерін алды.

– Біз 2009 жылдан бері осы акцияны өткізіп келеміз. Біздің университеттің қамқорлығында барлығы 50-ге жуық отбасы бар, жыл сайын сандар өзгеріп отырады. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар, көп балалы немесе толық емес отбасылар. Бұл жолы біз 60 баланы мектепке дайындауға көмектестік, – деп атап өтті "Жас Орда" жастар қауымдастығының төрағасы Әділхан Назым.

AQNIET жастар қайырымдылық ұйымы 2006 жылдан бастап жұмыс істейді және "Жас Орда" жастар қауымдастығының жанындағы ұйым болып табылады. 15 жылдан астам уақыт бойы ұйым белсенділері түрлі акциялар, жәрмеңкелер, концерттер өткізіп, қамқорлықтағы отбасыларға көмектесіп келеді.