
Әділхан Ержановтың нуар жанрында түсірілген «Голиаф» көркем фильмі Лидо аралында өтіп жатқан 79-шы Венеция Халықаралық кинофестивалінің Orizzonti Extra («Жаңа көкжиектер») конкурстық бағдарламасына енді.

Orizzonti Extra бағдарламасы кино әліміне жаңалық алып келген фильмдерді көрсетіп қана қоймай, әлемге жаңа режиссерлерді таныстырады. Бұл бағдарлама шеңберінде түрлі жанрда және әр түрлі форматта түсірілген фильмдердің ішінен үздік туындыны көрермендерден құралған қазылар алқасы анықтайды.
Фестиваль ұйымдастырушылары биыл бұл байқау шеңберінде жеті фильм қатысатынын хабарлады.
«Қазақфильм» киностудиясы қатысуымен қазақстандық Short brothers және Changepoint кинокомпаниялары және ресейлік All Media (a START Company) мен «Форест-Фильм» компаниялары бірлесе түсірген кинотуындының оқиғасы Қаратас ауылында өрбиді. Өзінің қаталдығы мен албырттығымен белгілі Бөлеген есімді жігіт ауыл тұрғындарын үрейде ұстайды, оларды баспана мен жұмыспен қамтамасыз етеді. Оған қарсы шыққан жандарды аяусыз жауапқа тартады. Қаратас ауылындағы қылмыс туралы полицияға жеткізбек болған Арзудың әйелі бүкіл отбасын қатерге тігеді.

– «Голиаф» фильмінде билік пен бағыну табиғаты зерттеледі. Кек алу идеясы (бір жағынан мүмкін болмаса да) және үлкен тұлғалар мен кішкентай адамдардың арасындағы қақтығыстар туралы сюжет бұрыннан бері ойда болатын. Екі жыл ішінде сценарийді бірнеше рет өзгерте отырып, осы мәселелерді көтеруге тырыстым. Фильмде арт пен жанр арасында өзіндік шегі бар, сондықтан бұны кейбіреулер түсінбеуі мүмкін, алайда жоғары бағалайтындар болады деген сенім бар, – деді фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Әділхан Ержанов.

Фильмнің түсіру жұмыстары былтыр жаз айында Алматы төңірегінде өтті. Басты рөлдерді қазақстандық белгілі актерлер: Берік Айтжанов, Данияр Алшынов, Альмира Тұрсын және Еркен Губашев сомдады. Сондай-ақ фильмге ресейлік актерлер Дмитрий Чеботарев және Александра Ревенко түсті.