eGov.kz порталында және eGov mobile қосымшасында жүкті әйелдерге арналған жаңа қызмет ұсынылады

eGov.kz порталында және eGov mobile қосымшасында жүкті әйелдерге арналған жаңа қызмет ұсынылады

Электрондық үкімет порталы Қазақстан тұрғындарына онлайн-режимде рәсімдеуге болатын тағы бір қызмет туралы хабарлайды. Енді болашақ аналар eGov.kz порталы және eGov mobile қосымшасы арқылы жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтініш бере алады.

Қызмет тегін. Оның көмегімен болашақ аналар декреттік демалысқа шыққан кезде әлеуметтік төлем тағайындау туралы электронды өтініш бере алады. Бұрын қызмет ХҚКО арқылы қағаз жүзінде ғана көрсетілетін.

"Бұл қызмет өте жиі сұралады. Болашақ аналарға ыңғайлы болу, олардың уақытын үнемдеу, қағазбастылықты азайту және ХҚКО-ға баруын азайту үшін біз оны мемлекеттік органдармен бірлесіп онлайн - форматқа ауыстырдық, - деп атап өтті "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.

Қызмет сегіз жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Сомасы көрсетілген төлем тағайындау туралы хабарлама немесе бас тарту туралы дәлелді жауап eGov.kz порталындағы және eGov mobile қосымшасындағы "жеке кабинетке", "хабарламалар" бөліміне жіберіледі.

Онлайн өтінімді сәтті тапсыру үшін медициналық ұйым науқас парақшасы туралы ақпаратты жүкті әйелдердің тіркеу жүйесіне, ал болашақ ананың электрондық мәліметтері Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (http://esutd.gov.kz/sutd/) жұмыс берушінің кадр қызметімен толтырылуы маңызды.

Сонымен қатар, egov.kz порталында декреттік демалысқа шығу туралы пайдалы ақпарат жиынтығы бар (https://egov.kz/cms/kk/articles/child/ui_decret), ал eGov Mobile мобильдік қосымшасында пайдалы материалдар "өмірлік жағдайлар" бөлімінде жинақталған.

Қызмет "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асырылды.

egov.kz