Конституция күні қарсаңында Балқашта пәтер кілттері мен қала әкімінің гранттары табысталды

Конституция күні қарсаңында Балқашта пәтер кілттері мен қала әкімінің гранттары табысталды

Балқашта ҚР Конституциясы күні қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы 16 отбасы баспаналы болды. Ал жас кәсіпкерлер өз ісін ашуға және дамытуға қала әкімінің гранттарын алды.

Жаңа қоныстанушылар 10-шы шағын аудандағы 16 және 17-ші үйлерден пәтер алды. Тұрғын үй "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Пәтерлер "Отбасы банкі" арқылы "Шаңырақ" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша сатып алынды. Жаңа қоныстанушылар арасында бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Өтеусіз грант алу конкурсына 20 өтінім келіп түсті. Комиссия бес жеңімпазды анықтады. Қала әкімі Ораз Тәуірбековтың айтуынша, "Қарапайым заттар экономикасын" дамытуға ықпал ететін бизнес-жобалар таңдалды. 

Грант иегерлерінің бірі жеке медициналық клиниканың директоры Рахат Түсіпов болды. Ол жеңіп алған қаражатын жабдықтарын жаңарту үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Болашақта Рахат клиникаға зертханалық диагностика енгізіп, жаңа жұмыс орындарын ашқысы келеді.

Қала әкімінің гранттары Балқашта 2018 жылдан бастап беріледі. Осы уақыт ішінде жалпы сомасы 60 млн теңгеден астам сомаға 43 жас кәсіпкер грант алды.