Қарағандыда Конституция күні қарсаңында Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті

Қарағандыда Конституция күні қарсаңында Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті

Жаңа Қазақстанды құру, бейбітшілік пен келісімді нығайту, қоғамдық бастамаларды дамыту, жастарды қолдау – бұл туралы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясының делегаттары сөз қозғады. Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында Достық үйі шаңырағының астына өңірдегі этноұйымдардың басшылары жиналды.

-  Біздің міндетіміз –  Конституцияда жазылған барлық негізгі ережелерді құрметтеп қана қоймай, Негізгі Заңға және оның басты қағидаттарына құрметпен қарауды біздің жас ұрпаққа үйрету. Қазақстанның ең баға жетпес қазынасы  халық бірлігі екені сөзсіз. Бұл – экономиканың тұрақты өсуі мен қоғамдағы тұрақтылықтың басты шарты, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сессияға ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шәміл Осин, "Ассамблея жастары" РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысты.

Марат Әзілханов Қарағанды облысының көп балалы аналарды кәсіпкерлік дағдыларға белсенді оқытудағы тәжірибесін атап өтті. Оның бағалауынша, "Ассамблея жастары" өңірлік бөлімшесінің жобалары да өз тиімділігін көрсетіп отыр. ҚХА төрағасының орынбасары жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға көмектесетін "Болашақ үшін естелік" халықаралық жобасын жалғастыру қажеттігі туралы да айтты.

Жаңа Қазақстанды құрудағы ҚХА рөлі туралы сөз сөйлеушілер де тоқтала кетті.

- Облыстық Ассамблеяның сарапшылық қоғамдастығы бүгінгі сын-тегеуріндерді түсінуде бірыңғай. Қазақстандық бірегейліктің дұрыс жолға қойылған қоғамдық дискурсы, оның этномәдени бірлестіктерде, азаматтық қоғамның барлық институттарында іске асырылуы маңызды болып табылады. Әрине, жаңа Қазақстанның құндылықтарын, тәуелсіз мемлекеттегі халық бірлігі саясатының сабақтастығын, туған өлкенің тарихын, оның барлық этностарының дәстүрлерін құрметтеу негізінде қоғамды топтастыру, мемлекеттік тілді дамыту қажет, - деп санайды облыстық ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский.

Сессия ҚХА ардагерлері мен этномәдени бірлестіктердің басшыларын марапаттаумен аяқталды. Оларға ҚХА мен облыс әкімінің алғыс грамоталары табыс етілді.