
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ата-аналармен және бейінді ведомстволардың басшыларымен ерекше балаларды оқыту және олардың бос уақытын өткізу мәселелерін онлайн-режимде талқылады. Сондай-ақ, ол өткен кездесуден бері не істелгенін тексерді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова көзі нашар көретін және ақыл-ойы кем балаларға арналған оқулықтармен мәселе шешілгенін хабарлады. Бұған дейін ата-аналар бірнеше рет олардың жоқтығына шағымданған болатын.

- Биыл көру қабілеті мен ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған оқулықтарды сатып алуға 76,6 млн теңге бөлінді. Бұл қажетті кітаптардың 15 200 данасын сатып алуға мүмкіндік берді, - деді Гүлсім Қожахметова.
Көп ата-ана аутизмі бар балаларды қолдау орталығы қашан ашылатынын сұраған еді. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстары 70%-ға орындалды. Жиһаз және жабдықтар сатып алынды. Бес дефектолог, үш психолог, логопед және тіркеуші жұмысқа қабылданды. Барлық педагогтар арнайы оқытудан өтті. Орталық қыркүйек айының соңында ашылуы тиіс.
Облыс бойынша арнайы білімі бар педагогтардың жетіспеушілігі сақталуда. Бірақ бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Биылғы жылы аутист балалармен өзара іс-қимыл бойынша педагогтар мен ата-аналарды оқыту курстарына қаражат бөлінді.
Кездесу барысында ата-аналар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарды қоя алды.

Жеңіс Қасымбек барлық бейінді басқармаларға ерекше балалардың ата-аналарымен мүмкіндігінше жиі кездесуді тапсырды. Тұрақты тікелей қарым-қатынас бар мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді, деді ол.