
Қарағандының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмір Әлмұханов әлемнің беделді университеттерінің бірі – Массачусетс технологиялық институтында (MIT) тағылымдамадан өтті. Алты апта бойы ол кванттық фотоника саласында зерттеулермен айналысатын профессор Дирк Энглундтың тобында оқыды.

- Менің жобамның тақырыбы – сақиналы резонатор мен празеодимия кешендеріне негізделген кванттық жадты модельдеу. Тағылымдаманың арқасында мен зерттеу жұмысына қажетті жаңа дағдыларға ие болдым, - дейді Әмір.

Жоғары білім алып, ол болашақта ғалым болу үшін нақты ғылымдарды – химия немесе физиканы таңдауды жоспарлап отыр.
НЗМ хабарлағандай, Әмір химия пәнінен республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері болып табылады. Өткен жылы 55-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.