Жеке тұлғалардың банкроттығы: қарағандылықтарға заң жобасының негізгі ережелері түсіндірілді

Жеке тұлғалардың банкроттығы: қарағандылықтарға заң жобасының негізгі ережелері түсіндірілді

Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтардың борыштық жүктемесінің ең көп шоғырлануы байқалатын облыс орталықтарында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын түсіндіру жұмыстарын бастады. Жақында кездесу Қарағандыда өтті.

"Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасы мәселелері жөніндегі конференцияға жеке тұлғалар, қаржы және заң консультанттары, конкурстық басқарушылар және мүдделі мемлекеттік органдар мен банктердің өкілдері қатысты.

Спикерлер бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.

Олар сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып енгізу ұсынылатын үш рәсімге назар аударды.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:

– банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлар алдындағы қарыз 4,9 млн теңгеден аспайды (1600 АЕК);

– ресми табыс жоқ немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайды, оның ішінде асырауындағы адамдары бар (отбасы мүшелері) кезде – 36 018 теңге.

Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауға тиіс және Банкпен борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет.

Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Азаматтар 4,9 млн теңгеден астам қарызды және қарыздың басқа түрлерін пайдалана алады.

Осы рәсім барысында борышкердің мүлкі болған жағдайда ол сауда-саттықта өткізілуге жатады.

Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.

Үшінші рәсім – тұрақты табысы болған кезде сотта борыштарды төлеуге (5 жылға дейін) бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың (борышкер мен кредитордың) келісімі қажет.

Сондай-ақ, комитет өкілдері банкроттықтан кейінгі салдары туралы айтты:

1) жобада 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу көзделген;

2) азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;

3) банкроттың банкроттықтан кейінгі үш жыл ішінде қаржылық жай-күйіне мониторинг жүргізу көзделді.

Жобада азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі көзделген.

Кездесу соңында лекторлар барлық сұрақтарға жауап берді. Қатысушылардың ұсыныстары заң жобасын Мәжілісте талқылау аясында қаралады.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша