Қарағанды облысына 1300-ден астам асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілді

Қарағанды облысына 1300-ден астам асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілді

Жыл басынан бері Қарағанды облысының шаруа қожалықтары 1377 бас таза тұқымды ірі қара мал әкелді. Жыл сайын өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер саны артуда.

 

Өткен жылы Қарқаралы ауданының «Тесіктас» шаруа қожалығы Ресейден симментал тұқымды 200 бас асыл тұқымды мал сатып алды. Бұл бірінші тәжірибе. Шаруашылықта олар жануарларды өсірумен және көбейтумен айналыспақ.

«Тесіктас» ш/қ басшысының көмекшісі Мұрат Баймұқановтың айтуынша, оларда даму жоспарлары әрдайым болған, бірақ қаражат жетіспеген. Шаруашылық 10 жылдан астам қой, сиыр, жылқы өсіріп келеді.

– Өткен жылы Аграрлық корпорация желісі бойынша несие алдық. Желтоқсан айында асыл тұқымды мал әкелінді. Бұған дейін жаз бойы жемшөп пен шөп дайындау белсенді жүргізілді. 60 метрден астам екі ұңғыма бұрғыланды. Үлкен тереңдікте таза және жылы су табылды. Бұл жануарлар үшін денені жылытуға калория жұмсамау үшін өте маңызды. Мал қыс мезгілінен жақсы өтті, келесі жылдың басында төл күтеміз, – дейді Мұрат Баймұқанов.

Симментал тұқымының басты айырмашылығы – сүт шығымдылығы жоғары және жақсы салмақ жинайтынында. Бұзаулар тез өседі, ал сиырлар бір мезгілде төрт-алты мың литр сүт береді.

Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, асыл тұқымды мал өсірумен 132 шаруашылық айналысады.

– Оның ішінде етті бағыттағы асыл тұқымды ІҚМ өсірумен 75 шаруашылық, сүтті бағыттағы – 24 шаруашылық айналысады. «Қайнар», «Марат», «Ескене» және «Ынталы» ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров. – Жыл басынан бері облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарымен Чехия, Эстония және Ресейден етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды жоғары өнімді ірі қара малдың 1377 басы әкелінді.

Сондай-ақ облыста асыл тұқымды қойлар мен жылқылар өсіріледі.

Облыста асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жыл сайын субсидиялар бөлінеді.