Қарағанды облысында еріктілердің жұмысы туралы айтылды

Қарағанды облысында еріктілердің жұмысы туралы айтылды

Қарағанды облысында 99 волонтерлік ұйым мен топ бар, оларға 5 мыңға жуық адам, негізінен жастар кіреді. Олардың қызметін үйлестіру және ресурстық қолдау үшін өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді.

Облыстағы волонтерлік қызметтің негізгі бағыттары – қайырымдылық және әлеуметтік көмек. Сондай-ақ зияткерлік, кибер -, зоо- және эковолонтеризм дамуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Алена Фрибус волонтерлердің жұмысы туралы айтып берді.

 – Ең ірі волонтерлік іс-шаралар қатарында аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен әлеуметтік осал санаттағы жастарды қолдауға бағытталған "Qaiyrymdy" облыстық жастар қайырымдылық акциясын атап өтуге болады. Жас меценаттар, депутаттар мен кәсіпкерлер үлкен көмек көрсетуде. Жалпы, екі жыл ішінде бұл қолдаумен 258 бала қамтылды. Демеушілер тарапынан қаржыландыру көлемі шамамен 10 млн теңгені құрады. Осы акцияның арқасында балалар қосымша білім алды, – деді спикер.

Сондай-ақ, 1500 қарағандылық волонтер Halyk қорының "Ел тірегі – Елбасы" республикалық ауқымды акциясына қатысты. Жыл сайын тұрақты негізде жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету бойынша "Ардағым – Ардагерім" жобасы іске асырылуда. Биыл 113 адам көмек алды, акцияға 400-ден астам волонтер қатысты.

Осы жылы волонтерлер мүмкіндігі шектеулі балаларды ағылшын тіліне онлайн оқыту бойынша All inclusive Kids жаңа жобасын іске асырды. Оның ерекшелігі – тіл білімі жоғары студенттер мен оқушыларды тарту. Жобаға 74 бала қатысып, 17 волонтер тартылды. Ағылшын тілін оқыту одан әрі жалғасатын болады.

Сонымен қатар, облыста киберволонтеризм дамуда – бұл жастардың ішкі істер органдарына желідегі заңсыз контентті анықтауға көмек көрсетуі.

Саран қаласында зооволонтерлік жобасы іске асырылуда, ол үйсіз жануарларға арналған баспаналарды қаржыландыруды көздейді.

Эковолонтеризм де белсенді дамуда. Екі жылдан бері Jasyl Aimaq экологиялық акциясы өтіп келеді.

– Жастар саясаты мәселелері басқармасы өткен жылы еріктілерді тіркеу мүмкіндігі бар телеграм-ботты іске қосты. Өткен жылдан бастап онда 450 волонтер мен 68 волонтерлік ұйым тіркелді, – деп атап өтті Алена Фрибус.