Қарағандылық дзюдошы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды

Қарағандылық дзюдошы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды

Қарағанды облысының тумасы Ислам Бозбаев дзюдодан Азия Чемпионатында 100 келіге дейінгі санатта сәтті өнер көрсетті. Спортшы құрмет тұғырының екінші сатысына көтерілді.

Құрлықтық біріншілік Нұр-Сұлтанда өтті. Турнирге 19 елден 200-ге жуық дзюдошы қатысты: Қытай Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Жапония, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Моңғолия, Пәкістан, ҚХР, Филиппин, Катар, Корея Республикасы, Тәжікстан, БАӘ, Өзбекстан, Вьетнам, Йемен және Қазақстан.

Жартылай финалда Ислам Бозбаев Отабек Турабоевтан (Өзбекстан) басым түсті. Қарағандылық спортшы алтын медаль үшін Джафар Костоевпен (БАӘ) күш сынасты. Кездесу жеңімпазының тағдырын бір ұпай шешті, деп хабарлайды olympic.kz Нәтижесінде Бозбаев Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Айта кету керек, IJF ережелері бойынша құрлықтық біріншіліктің үздік дзюдошыларына олимпиадалық рейтингте ұпайлар қосылады. Атап айтқанда, жеңімпаз 700 ұпай, 2 орын – 490 және 3 орын – 350 ұпай алады.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша

Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі