
Келесі жылдан бастап Қарағанды облысында "Қарағанды облысының ауылдық округтері тұрғындарының табысын ауқымды және тиімді арттыру" пилоттық жобасын іске қосу жоспарлануда. Ол жеке қосалқы шаруашылықтарға жеңілдікпен несие беруді көздейді.
Пилоттық жобаның мақсаты – ауылдағы өмір мен экономика деңгейін көтеру, тұрғындардың табысын арттыру. Кредиттер өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және бизнесті дамытуға берілетін болады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Халықтың табысын арттыру бағдарламасы" тақырыбындағы брифингте Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Төлебеков мәлім етті.
– 2023 жылға арналған пилоттық жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасында 600 жобаға 3 млрд теңге қарастырылған. Орта есеппен бір қарыз алушыға – 5 млн теңгеден, – деп хабарлады Әнуар Төлебеков. – Дамудың негізгі бағыттары – етті және сүтті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, шағын жылыжайлар, өсімдік шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу.
Несиелерді "Сарыарқа" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сенімді агенті береді. Шағын несие мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Шағын несиенің максималды сомасы – 7,7 млн теңге, зәкірлі кооперацияны дамыту үшін – 24,5 млн теңге.
Бұл ретте номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Тағы бір міндетті шарт – қарыз алушыда кепілзаттық қамтамасыз етудің болуы.