Желіде танымал болған бес жасар "автоинспектор" Қарағанды облысындағы жүргізушілерге парақшалар таратты

Желіде танымал болған бес жасар "автоинспектор" Қарағанды облысындағы жүргізушілерге парақшалар таратты

Қарағанды облысында жүк тасушы жүргізушілер мен жас еріктілер "Қауіпсіз жол" акциясына қолдау көрсетті. Ол күніне сегіз мыңнан астам көлік жүретін Алматы – Екатеринбург транзиттік тас жолының учаскесінде өтті.

Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентінде акцияға 20-ға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты. Олардың арасында бес жасар Бағдәулет Ағзамов та бар. Баланың өткен көктемде боран кезінде балалар полиция формасын кіп, жол жиегіне шығып, жүргізушілерге жолдардың жабылуы туралы ескерткені бейнеге түсіріліп желіде тараған болатын. Кішкентай "автоинспектормен" жасалған бейнеролик Қазнетте хитке айналды.

Жас еріктілер жүргізушілерді жолда жылдам жүрмеуге шақырды. Полицейлердің қадағалауымен олар "Жылдамдықты асырма!", "Шаршасаң – тоқта және тынығып ал!", "Сізді үйіңізде жандарыңыз күтеді!" деген жазулары бар парақшалар таратты.

Акцияға жүк көлігі жүргізушілері қосылды. Олар өз көліктеріне "Жолақты кесіп өтпеңіз – өмірді таңдаңыз!", "Жылдамдықты асыра отырып, өміріңді тоқтатып алма!" деген ескертпелері бар баннерлер орналастырды:

– Қазіргі уақытта Алматы – Екатеринбург жолын қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жүргізушілерге белгілі бір қиындықтар туғызады. Біз абай болуға, жылдамдық режимі мен бұрылыс ережелерін сақтауға шақырамыз. Сонымен қатар, түнгі сапарлардан бас тартып, еңбек және демалыс режимін сақтау керектігін ескертеміз, – деп атап өтті Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.

"Қауіпсіз жол" айлығы Қарағанды облысында 19 шілде мен 18 тамыз аралығында өтеді. Акцияның мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша