Қарқаралыда Григорий Потанин тұрған тарихи ғимарат жөнделуде

Қарқаралыда Григорий Потанин тұрған тарихи ғимарат жөнделуде

1900 жылы Қарқаралының орталығында салынған ғимаратта жөндеу жұмыстары басталды. Қазір онда Қасым Аманжолов атындағы кітапхана орналасқан. Ал 1913 жылы бұл үйде орыс саяхатшысы, фольклоршы, түркі-моңғол мәдениетін зерттеуші, этнограф Григорий Потанин тұрған.

Атақты шығыстанушы Сергей Ольденбург Григорий Потаниннің ғылыми жолын "Оның жұмысы кабинеттің тыныштығында, қалалық пәтерлердің тар қабырғаларында емес, шөлейт алқаптарда, ашық аспан астында, жол бойындағы үңгірде, киіз үйдің жеңіл жамылғысының астында өмірі өтіп, оның еңбектері жасалды" деп сипаттады.

Қарқаралы қаласындағы Әлихан Бөкейханов көшесіндегі кітапхана ғимараты мемлекет қорғауындағы тарихи нысан болып табылады.

– Қазіргі уақытта облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясы арқылы "Тұран" ЖШС-мен келісім шарт жасалып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың шатыры толығымен ауыстырылады, қасбеті жаңартылады. Жертөлелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді кітапхана директоры Бағдат Бейсенова. 

Қазір мердігер компания қызметкерлері бөлмелердің төбелері мен қабырғаларын ескі сылақтан тазартып, тегістеп, жаңадан бояуға дайындауда. Жұмыс барысында электр сымдары, ескі радиаторлар, терезелер, есіктер ауыстырылады. Барлық бөлмелерде жаңа линолеум болады, ғимаратта жуынатын бөлме, кіреберістегі пандус жабдықталып, баспалдақ жаңартылады.

Жөндеу жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.