Балқашта кезекте тұрған 24 адам пәтер кілтін алды

Балқашта кезекте тұрған 24 адам пәтер кілтін алды

Балқашта үй кезегінде тұрған қаланың 24 тұрғыны қоныс тойын тойлады. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған көп қабатты екі жаңа үйге пәтерлер бөлінді.

Жаңа қоныстанушылар арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және қала тұрғындарының басқа да санаттары бар.

Жәмила Жанқұлова өз кезегін 7 жыл күтті. Әйелдің мүгедектігі бар.

– Бүгін менің отбасым үшін өте бақытты күн. Тұрғын үй кезегінде 2015 жылдан бері тұрмын. Мен мұқтаж адамдарға жағдай жасалғаны үшін алғыс айтамын, – деді әйел. 

30 жастағы Ақмарал Абдараманова жалғыз ұл тәрбиелеп отыр. Ол балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Екі жылға жуық тұрғын үйді жалға алып тұрып келген.

– Маған бір бөлмелі пәтер берілді. Ол кең, жөндеуі де жақсы. Қазір ұлым екеуміз көшуге дайындалып жатырмыз, – деді Ақмарал.

Жаңа қоныстанушыларға "Отбасы банк" арқылы "Шаңырақ" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер берілді.

– Бұл тұрғын үй элиталық болып саналады. Пәтерлер кең, жарық. Бөлмелердің төбелері биік. Жаңа қоныстанушылар ипотеканы "Шаңырақ" жеңілдетілген бағдарлама бойынша ресімдеді. Олар пәтерлерді шаршы метрі үшін 140 мың теңгеден сатып алады. Бұл өте тартымды баға, нарықтық бағадан арзан, – дейді Балқаш қаласының ТКШ бөлімінің басшысы Искандер Қабидолла. – Біз мұқтаждарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуді жалғастырамыз.

Балқашта пәтер алу кезегінде барлығы 1954 адам тұр. Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен шамамен 18 мың шаршы метрді іске қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін кезекте тұрғандарға тағы 33 пәтер беріледі.