Саран қаласынан келген Кристина Осуховская облыстық музыкалық байқаудың үздік жас домбырашы болып танылды

Саран қаласынан келген Кристина Осуховская облыстық музыкалық байқаудың үздік жас домбырашы болып танылды

Қарағандының Достық үйінде өткен облыстық жас домбырашылардың «Бабалардың көзіндей қасиеті домбыра» байқауында Құрманғазы, Ахмедияров, Тәттімбет және басқа да қазақ халқының белгілі композиторларының күйлері шырқалды.

Облыстағы этномәдени бірлестіктер арасында өткен музыкалық байқауға 12 мектеп оқушысы қатысты.

Саран қаласынан келген Кристина Осуховская үздік домбырашы деп танылды.

Ол І-ші дәрежелі дипломмен және 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

– Мен Саран қаласындағы музыка мектебінің оқушысымын. Домбыра менің сүйікті хоббиім. Байқауда Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындадым. Осындай шараны ұйымдастырған Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысымды білдіргім келеді, – деді Кристина Осуховская.

Екінші орын мен 40 мың теңге көлеміндегі сыйлық Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылының Гагарин атындағы мектебінің оқушысы Виктория Аленинаға бұйырды.

Қарағанды қаласы ЮНЕСКО клубының № 2 музыка мектебінің оқушысы Ислам Юламанов үшінші дәрежелі диплом және 30 мың теңге сыйақымен марапатталды.

Жеңімпаздарды білікті қазылар алқасы таңдады. Оның құрамында Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов, облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің құрметті мүшесі Күліш Төлеуханова және қоғам қайраткері Майра Әбдірахманова болды.

Байқау Балалар жылы аясында өткізілді.

Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.