Балқаштың стритворкаутерлері жастар үшін тегін сабақтар өткізеді

Балқаштың стритворкаутерлері жастар үшін тегін сабақтар өткізеді

Балқаштық студенттер Ақтілек Қанатбек пен Диас Балғабаев стрит-воркаут бойынша тегін жаттығулар өткізеді. Жастар өздерінің білімдері мен дағдыларын құрдастарымен бөлісуге шешім қабылдаған.

Стрит-воркаут – бұл бүкіл денені шынықтыруға мүмкіндік беретін көше жаттығуы. Ерекше трюктерді орындау үшін бірнеше ай жаттығу керек.

– Маған бұл спорт өте ұнайды, өйткені ол эстетикалық. Мен аянбай шынығамын, 2 жылдан бері барынша жаттығып келемін деп айта аламын, – дейді Ақтілек. – Өкінішке орай, біздің қаламызда жарыстар өтпейді. Балқашта бұл спорт түріне көп көңіл бөлінсе екен деймін.

Басқа да жастарды жаттықтыру идеясы Ақтілекке YouTube арналарының бірін көргеннен кейін келген. Арнаның жүргізушісі Челябинскіде айналасында осы спортты ұнататын пікірлестерін жинап, оларға көше спортының негіздерін үйретеді.

– Мен воркаутпен үш жыл айналысамын. Бала кезімнен мені спортқа үйреткен әкем, – дейді Диас. – Мен құрдастарымның спортқа бейім және дені сау болғанын қалаймын, сондықтан мен өзім қолымнан келетінін көрсетіп, осы спорт түріне мүмкіндігінше көп жастарды тартуды шештім.

Екі дос М. Хамзин атындағы Металлургтер мәдениет сарайының жанындағы алаңда түрлі трюктер мен негізгі жаттығуларды үйретеді. Сабақтар дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және сенбі күндері сағат 19:00-ден басталады.

+7-771-436-56-21, +7-702-895-52-14 телефондары арқылы жазылуға болады.

Толығырақ ақпаратты Instagram-дағы парақшада танысуға болады: @melannncholyy, @ds_style.18.