
Қарағанды облысында Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы бойынша гранттар байқауына өтінімдер қабылдау басталды. Биыл 63 адам миллион теңгеден грант алады.
Zhas Project әлеуметтік осал жастарды әлеуметтік-экономикалық өмірге, өнімді жұмыспен қамтуға тартуға, сондай-ақ жергілікті жерлерде жастардың бизнес-идеяларын қолдауға бағытталған. Бүгін Қарағанды облысында жоба аясында гранттар байқауына өтінімдер қабылдау басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы" РҚБ төрайымы Динара Сәдуақасова өтінім беру мерзімі туралы айтып берді.
– Грант алу конкурсына қоғам үшін пайдалы әлеуметтік жобалары бар 18-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Бұл экологияны жақсартуға, білім беруді, мәдениетті және спортты дамытуға арналған, салауатты өмір салтына бағытталған жобалар болуы мүмкін. Біз барлығы 15 бағытты таңдадық, олар бойынша тілек білдірушілер өтінім бере алады, – дейді Динара Сәдуақасова. – Жеңімпаздарды анықтау кезінде NEET санатындағы адамдарға, жұмыссыздарға, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға артықшылық беріледі.
Өтінімдерді қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Байқау нәтижелері 18 тамызда жарияланады. 63 жеңімпаз миллион теңгеден алады. Әлеуметтік жобаларды іске асыруға 3 ай беріледі.
– Өтініш беруге ниет білдірушілерге толық кеңес беру үшін жедел желі жұмыс істейді. 8-775-764-87-47 нөміріне қоңырау шалып, 09:00-ден 18:00-ге дейін ақпарат алуға болады, – деп қосты спикер.