
Қарағанды облысының халықты жұмыспен қамту орталықтарына осы жылдың басынан бері 6,7 мыңнан астам жас жүгінді. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі 6081 тұрғын жұмысқа орналастырылды.
Жоспарда 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделген. Жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың табысын арттыру 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру есебінен көзделуде.
Ол үшін мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары қарастырылған. Осылайша, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда субсидияланған жұмыс орындары ұйымдастырылады. Қатысуға салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді үнемі аударатын және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер жіберіледі.
Қазіргі уақытта облыс жастары үшін келесі бағдарламалар қолжетімді: жұмыс кадрларын еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту; әлеуметтік жұмыс орындары; "Жастар практикасы"; қоғамдық жұмыстар; "Бірінші жұмыс орны"; "Ұрпақтар келісімшарты"; бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру (7592 адам); бизнес-жобаларды іске асыру идеялар (385 грант).
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Жастар практикасы" жобасы бойынша қатысу ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін, сондай-ақ жалақы – 25 АЕК-тен (76 575 тг.) 30 АЕК-ке дейін (91 890 тг.). Мемлекеттік гранттардың мөлшері де өзгерді – 200 АЕК (613 мың тг.) 400 АЕК-ке дейін (1,2 млн тг.).
Жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге гранттар алу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, сертификат алу қажет. Қазір бұл онлайн режимінде жасалады. Enbek.kz сайтында тіркелу және қашықтықтан "Бизнес Еңбек" бөлімінде грант алуға өтінім беру қажет. Сондай-ақ, порталда үміткер дербес бизнес-жоспар әзірлейді және жобаны қорғайды. Бизнес идеяны таныстырғаннан кейін комиссия грант беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Жобаны мақұлдаған жағдайда қатысушы халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасады. Гранттың мақсатты пайдаланылуын ақшалай қаражат алынғаннан кейін үш ай ішінде растау қажет.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша