
Қарағанды облысында "Еңбек жолы" өңірлік конкурсының қорытындысы шығарылды. Үздік еңбек әулеттері деп Қаражалдан Бекмағанбетовтар және Теміртаудан Адам-Юсуповтар танылды. Жалпы еңбек өтілі 281 жыл және 104 жыл.

Бекмағанбетовтер әулетінен Сәбит Бекмағанбетов байқауға қатысты. Ол 36 жыл Қаражал қаласының "Өркен-Атасу" ЖШС жұмыс істейді, ал жалпы еңбек өтілі – 43 жыл.

Бір кездері бұл кәсіпорында оның әкесі Құдыш Бекмағанбетов те еңбек еткен. Содан кейін Сәбиттің өзі және оның ағалары, әпкелері, жиендері әкелерінің ізін басқан. Барлығы 14 адам.
– Әкем Құдыш Бекмағанбетов 1937 жылы туған. Анаммен бірге ол 12 баланы аяғына көтерді. 1958 жылы әкем кен басқармасына слесарь болып орналасты, – дейді Сәбит Бекмағанбетов. – Содан кейін тепловоз машинисінің көмекшісі, тепловоз машинисі болып, зейнеткерлікке шыққанға дейін сонда жұмыс істеді.

Сәбиттің өзі еңбек жолын "Өркен-Атасу" ЖШС-де пойыз құрастырушы болып бастады, содан кейін тепловоз машинисінің көмекшісі, аға машинист болды. Жұбайы Гүлжамила Оспанова онымен бір ұйымда жұмыс істейді. Ол "Өркен-Атасу" ЖШС жанындағы "Батыс Қаражал" шахтасының әкімшілік блок-кешенінің меңгерушісі.
– Осы кәсіпорында менің ағаларым, келінім, апа-сіңлілерім және басқа да туыстарым жұмыс істейді. Әкемізден басталатын жалпы еңбек өтіліміз 281 жылды құрайды, - дейді Сәбит. – Мен бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін және әкемнің ізін басып келемін. Мен өз ісімді таптым. Тепловоз машинисі болу – үлкен жауапкершілік. Кез-келген жұмыстағы басты құпия – еңбекқорлық пен еңбек.
Сондай-ақ, "Үздік еңбек әулеті" номинациясында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да жұмыс істейтін Адам-Юсуповтар отбасы жеңіске жетті.
"Өндірістің үздік жас маманы" номинациясы Саран қаласының № 9 арнайы мектеп-интернатының тәрбиешісі Лидия Шпаннагель және "Қазақмыс" корпорациясы "ЖШС (Сәтбаев) "Жезқазғантүстімет" ӨБ Шығыс Жезқазған кенішінің жерасты учаскесі бастығының орынбасары Асылхан Талыповқа берілді.
"Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" номинациясында "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС (Балқаш) экскаватор машинисі Ерғазы Тұрлыбеков пен Қаражал қаласының білім бөлімінің № 1 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Танауова жеңімпаз атанды.
Естеріңізге сала кетейік, "Еңбек жолы" байқауы жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейлерде өткізіледі, үш номинация бойынша: "Үздік еңбек әулеті" – ең көп еңбек өтілі бар, ең көп марапаттары бар ең үлкен әулет таңдалады; "Өндірістің үздік жас маманы" – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері жеңімпаз болып танылады; "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері " – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер айқындалады.