ЖБИ тұрғындары үшін көптен күткен емхана салынды

ЖБИ тұрғындары үшін көптен күткен емхана салынды

ЖБИ тұрғындары үшін отбасылық денсаулық орталығы салынды. Жергілікті халық үшін бұл көптен күткен жоба. Соңғы жылдары емхана бұрынғы тұрмыстық комбинаттың ғимаратында орналасқан болатын.

Адамдар қолайсыздықты сезініп, толыққанды медициналық мекеме ашып беруді өтінген еді.

Екі қабатты ғимарат МЖӘ бойынша ашылды.

Енді 11 мың адам кең және жарық ғимаратта сапалы медициналық қызмет алады. Жаңа емханадағы дәрігерлер күніне 400-ге жуық науқасты қабылдайды.

– ЖБИ ауданында біз халықтың медициналық көмекке деген үлкен қажеттілігін сезінеміз. Біз фин кентінің тұрғындарына қызмет көрсетеміз. Қысқа мерзім ішінде біздің дәрігерлер көптеген науқастарды анықтады. Біздің міндетіміз – мүмкіндігінше көп адамды медициналық қызметтермен қамту, – дейді «Clinic Miras» ЖШС директоры Роза Разиева.

Құрылыс кезеңінде барлық қажетті кабинеттер мен жабдықтар қарастырылған.

Сүзгі, дәрігерге дейінгі және қарау кабинеттері, физиокабинет, егу және емшара кабинеттері бар. Күндізгі стационар ашылды.

Тұрғындар рентген және флюорография жасай алады.

Болашақта жас аналарға арналған кабинет ашылады, оларға балалар күтіміне қатысты кеңестер беріледі. 

Оңалту кабинетін құру жоспарда бар.

Әзірге орталықта 60 қызметкер жұмыс істейді. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен бейінді мамандар қабылдау жүргізеді.

– Біздің емхана он жыл бойы жалға алынған үй-жайларда орналасқан еді. Қазір бұл мәселе шешілді. Өте жақсы ғимарат. Мұндай емхананың болашағы зор, – дейді жергілікті тұрғын Михаил Петрович. – Күндізгі стационар пайда болды, барлық бейінді мамандар бар. Сараптамадан өткен соң тегін дәрі алуға болады.

Биыл Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласында 14 жоба жүзеге асырылуда.

Облыс орталығында 200 төсектік көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталғалы жатыр, онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы мен МЖӘ бойынша позитронды-эмиссиялық томография орталығы, №1 көпбейінді аурухана жанында қосымша қабылдау-диагностикалық бөлімше құрылысы жүріп жатыр.

Сонымен қатар, "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы бойынша ауылдық жерлерде бірден алты фельдшерлік-акушерлік пункт салынады – Абай, Бұқар Жырау, Нұра және Осакаров аудандарында.

Майқұдық пен Сұрыптауда екі жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы, Нұра ауданының Кертінді ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді.