Қарағандылық оқушы химия пәнінен Халықаралық олимпиадада бірінші орын алды

Қарағандылық оқушы химия пәнінен Халықаралық олимпиадада бірінші орын алды

Қарағандылық Мадияр Қасымалы химия пәнінен Халықаралық олимпиадада (ІСһО-2022) жоғары тұғырға көтерілді. Бұл байқауда Қазақстан өкілі 2017 жылдан бері алғаш рет алтын жеңіп алды.

Олимпиада онлайн-форматта Тяньцзинь қаласында (Қытай) өтті. Оған әлемнің 83 елінен 300-ден астам жас химиктер қатысты. Бес сағат ішінде оқушылар тоғыз тапсырманы орындауы керек еді.

Қазақстан атынан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақтау қалаларынан төрт оқушы қатысты. Олардың барлығы жүлдегерлер. Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нурланова күміс медальдар иеленді.

Алтын жүлдені Қарағанды қаласының № 1 "Білім-Инновация" 11 сынып оқушысы Мадияр Қасымалы алды. Жетекшісі – Абылай Саматов.

Химиямен Мадияр Қасымалы 7-сыныптан бастап айналысады. Өткен жылы осы Олимпиадада күміс жеңіп алды.

– Бірінші рет қатысқанымда қиын болды. Тапсырмаларды жылдамдықпен шеше білу және ұқыптылыққа, шығармашылық ойлауға ие болу керек еді, – дейді Мадияр Қасымалы. – Мұны біле отырып, дайындық кезінде мен проблемаларды уақытында шешу дағдыларын дамытуға көп көңіл бөлдім. Менің сүйікті бөлімім – органикалық химия, ол негізгі ұғымдар арқылы осы әлемнің құрылымын түсіндіреді.

Олимпиадашыларды өзінің телеграм-каналында жеңісімен ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады: "Оқушыларымызды жаңа жоғары нәтижелермен және лайықты жеңістермен құттықтаймын! Біздің балаларымыздың математика, физика, химия пәндері бойынша халықаралық олимпиадалардағы жетістігі – жаратылыстану пәндері бойынша жақсы жетістіктердің көрсеткіші. Біздің команда мүшелерінің табандылығы, ақыл-ойы, еңбегі мен жеңіске деген жігері барлық басқа оқушылар үшін үлгі болады".

Ол сондай-ақ осы олимпиадаларға қатысу тарихында алғаш рет жүлдегерлер ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу үшін ақшалай сыйлықтар мен гранттар алатынын хабарлады.