Қарағанды облысының 643 тұрғыны МӘМС жүйесінде уақытша мәртебе алды

Қарағанды облысының 643 тұрғыны МӘМС жүйесінде уақытша мәртебе алды

Жыл басынан бері МӘМС жүйесінде уақытша мәртебе алу үшін Қарағанды облысының 643 тұрғыны өтініш жіберді. Олардың басым көпшілігі – жүкті әйелдер.

МӘМС жүйесіндегі уақытша мәртебе жеңілдікті 15 санаттың біріне жататын азаматтарға, олар қандай да бір себеппен сақтандырылмаған кезде беріледі. Мұндай азаматтар бір айға уақытша мәртебе беру үшін Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы арқылы медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады.

Жыл басынан бастап облыс тұрғындарынан 643 өтініш түскен. Олардың көпшілігі жүкті әйелдерден келді. Айта кетейік, жұмыс істемейтін жүкті әйелдердің деректері ақпараттық жүйеге – жүкті әйелдер тіркеліміне (РБЖ) түскен сәттен бастап жеңілдікті санатқа жатады.

– Сақтандырылмаған жүкті әйел мәртебесі болмайынша жүктілік бойынша есепке тұра алмайды деген пікір бар. Бірақ олай емес, әйел дәрігерге жүгінген кезде мәртебесіне қарамастан оның деректері РБЖ ақпараттық жүйесіне енгізіледі, – деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының бөлім басшысы Светлана Щеткина. – Егер жүкті әйел жұмысқа орналаспаса, ол үшін соңғы 3 айда әлеуметтік аударымдар түспесе, ол автоматты түрде «жұмыс істемейтін жүкті әйелдер» жеңілдік санатына кіреді, «сақтандырылған» мәртебесін алады және барлық қажетті жоспарлы тексерулерден өте алады.

Жұмысқа орналасқан жүкті әйелдер, жұмыс істеп тұрған жеке кәсібі бар әйелдер, сондай-ақ БЖТ төлеушілер «жұмыс істемейтін жүкті әйелдер» жеңілдікті санатына жатпайды. Оларға уақытша мәртебе берілмейді, ал жұмыс істейтін әйелдер мен ЖК – де тұрақты мәртебе алу үшін соңғы 12 айға, БЖТ төлеушілерде – соңғы 3 айға берешек болмауы тиіс. Егер қолданыстағы жеңілдік санатын растайтын құжаттар болмаса, уақытша мәртебе беруден бас тартылуы мүмкін. Жүкті әйелдер жағдайында бұл құжат 035-у нысанындағы анықтама болып табылады.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды ​​филиалының мәліметі бойынша