
Көкпекті ауылында қараусыз қалған ескі құрылыс базасы спорт залына айналды.

Нысан 90-шы жылдардан бастап бос қалып, жөндеуді қажет етті.

Көкпекті ауылдық округінде абаттандыру бағдарламасы аясында қараусыз қалған ғимараттар қалпына келтірілуде.

Алдағы жылдары онда дәріхана, екі көкөніс қоймасы және мәдениет үйі пайда болады.

Көкпекті ауданындағы алғашқы қалпына келтірілген нысандардың бірі бұрынғы құрылыс базасының иесіз ғимараты болды. Қазір ол спорт залына айналды.

– Нысан бюджет есебінен қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Шатыр жаңартылды, терезелер ауыстырылды, ғимараттың іші мен сырты толығымен жөнделді. Қазір онда 200-ге жуық бала жаттығады. Үш секция жұмыс істейді: каратэ, қазақ күресі және фитнес-аэробика, – дейді Көкпекті ауылдық округінің әкімі Айдын Досмақов. – Бұрын Көкпекті ауданында мұндай спортзал болмаған. Жастар жергілікті мектепте жаттықты. Бұл ыңғайсыз болды.

Сондай-ақ, жақында Көкпектіде дәріхана мен Мәдениет үйі ашылады. Дәріхана ғимараты жөнделіп, сенімді басқаруға беріледі.

Мәдениет үйі тоқсаныншы жылдары қойма ретінде пайдаланылған, бұрынғы саман құрылыстарының орнында бой көтереді. Тозығы жеткен балшық нысандарды бұзып, орнына жаңа ғимарат салу жоспарланған.
– Болашақ дәріхананың ғимаратын жөндеп жатырмыз. Онда кеңес заманында тауар өлшейтін алаң болған. Көкпектіге клуб та қажет, – деді Айдын Досмақов. – Сондай-ақ, мұнда көкөніс қоймасын қалпына келтіреміз және үстел теннисі бойынша сабақтар өткізілетін жергілікті мектеп аумағындағы бұрынғы шеберханада жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Ал Байқадам ауылында мектеп жанындағы қараусыз қалған ғимарат қалпына келтіріледі. Онда жергілікті тұрғындар қолданбалы өнер үйірмесін ұйымдастырғысы келеді. Сонымен қатар, Сарытөбе ауылында ескі жер асты көкөніс қоймасы қалпына келтірілуде. Алдағы уақытта жергілікті билік оны сенімді басқаруға беруді жоспарлап отыр.