Жеңіл әрі әдемі: қарағандылықтар тегін бачата сабақтарына қатыса алады

Жеңіл әрі әдемі: қарағандылықтар тегін бачата сабақтарына қатыса алады

"Персона" фитнес-клубы қарағандылықтар үшін орталық саябақтың жаңартылған сахнасында тегін шеберлік сабақтарын өткізеді.

Алғашқы би сабағы жалынды латынамерикалық бачатасына арналды.

Нұсқаушы Филипп Югай би тарихы туралы айтып, негізгі қимылдарды көрсетті.

Қарағандылықтар бастапқыда ұялып тұрғанымен, сәлден соң биге қызығушылық танытты. Жаттықтырушының қимылын қайталауға балалар ғана қысылмастан кірісіп, көңіл көтерді.

Филипптің айтуынша, кез-келген жастағы адам бачатамен айналыса алады. Бірақ, статистика бойынша, негізінен 18–50 жас аралығындағы адамдар билейді. Бачата оңай әрі әдемі би ғана емес, ең алдымен ол денсаулықты жақсартуға, өзін-өзі бағалау мен көңіл-күйді көтеруге мүмкіндік беретін би.

– Қарағандыға бачата 10 жыл бұрын келді, - дейді Филипп. – Осы уақыт ішінде үш мектеп ашылып, және бірнеше дербес жаттықтырушы тәрбиеленіп шықты. Бачатаны тек жұптасып қана билейді деген қате пікір. Өз ерекшелігіңді өздігіңнен жеке дара билеп те көрсетуге болады. Бидің басты мәні – импровизация. Екі-үш айда белгілі бір қозғалыстар жиынтығын үйрене аласыз. Бірақ импровизация жасай білу үшін жылдар бойы жұмыс істеу керек. Сонымен, оның қарапайымдылығына қарамастан, бачата сізді көпке дейін жалықтырмайды.

Ниет білдірген жаңа бишілер оқытушының жетекшілігімен іс жүзінде тәжірибе жинақтай алды.

– Қазір адамдар көбінесе отырып жұмыс істейді, көп отырады. Балалар да, ересектер де көп уақытты телефондарға үңіліп, компьютерлермен өткізеді. Көбісінде омыртқа протрузиялары, жарықтар, ас қорыту проблемалары, қан қысымы, көңіл-күйге байланысты ақаулар бар. Дұрыс үйренген бачата денсаулыққа жақсы пайда әкеледі. Жиі қозғалу және даму керек, сол кезде өмір жарқын болып көрінеді, – деді Филипп.

– Осындай іс-шаралар көбірек болса, тамаша болар еді. Мен билегенді өте жақсы көремін. 20 жыл бойы құрбыларыммен Кеншілер сарайына биге барамын. Өйткені, бұл байланыс. Саябақта осындай шаралар пайда болғаны қандай тамаша, үнемі музыкалық кештер, билер өтіп тұрады, – дейді қарағандылық Тамара Полищук.

– Мен саябақта жай ғана серуендеп жүрген едім. Бұл шараны көрген бетте, қатысуға бел будым. Бұрын бачата билеп көрген емеспін, жаңа нәрсе үйрену қызықты болды. Бұл өте икемді және романтикалық би. Нұсқаушыға рахмет, бәрін керемет түсіндіреді. Міндетті түрде әлі де келемін, – деп бөлісті шеберлік сабағының ең белсенді қатысушысы Лия.

Бачатадан басқа, "Персона" фитнес-клубының нұсқаушылары брейк-данстан сабақ береді. Әзірге нақты күндер анықталған жоқ. Жаңалықтар клубтың Instagram-дағы әлеуметтік парақшасында жарияланады: @personafitness.krg.