
Қарағандылық әскери қызметші Владислав Горизанов жыл сайынғы республикалық "Мемлекеттік тіл – менің тілім" байқауында бірінші орын алды.

Байқаудың екінші кезеңі Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінің базасында өтті.
Жарысқа Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарының әскери қызметшілері қатысты.

ҚР Ұлттық гвардиясының бас қолбасшылығы тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы полковник Әлішер Әбдірәсілдің айтуынша, байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілге құрмет көрсету.

Іс-шараға орыс, күрд, әзірбайжан, өзбек, ұйғыр ұлт өкілдері қатысты.
Жарыс үш кезеңде өтті: сәлемдесу, театрландырылған қойылым және Қазақстанның ұлттық құндылықтары туралы әңгіме.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды қарағандылық әскери қызметші кіші сержант Владислав Горизанов, екінші орынды көкшетаулық майор Сергей Астарханцев қанжығасына байлады. Қостанайдан келген Артур Құрбанов үшінші болды.

Айта кетейік, мемлекеттік тілді білуге арналған байқау Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде өтуде.
ҚР Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша