
Қарағанды облысында 108 медициналық ұйым медициналық сақтандыру қорының жеткізушілері болып табылады және өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Олардың 52 % – жеке меншік нысан. Қормен шарт жасасқан барлық мекемелер түрлі мониторингтен өтеді, соның ішінде тұрғындардан түскен өтініштер дерегі бойынша тексеріледі.
– Бізде тексеру кестесі бар. Проактивті мониторинг кезінде ереже бұзушылықтар анықталған жағдайда, ұйымға қатерліктерді жоюға уақыт беріледі. Егер түзетілмесе, айыппұл саламыз. Кейбір бұзушылықтар бойынша тұрақсыздық айыбын есептеу түріндегі шаралар қолданылады. Біздің міндетіміз – біздің тарапымыздан медициналық ұйымға бөлінетін ақшаға сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету және бұл көмек қолжетімді болуын қамтамасыз ету, – деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
2022 жылдың 1 тоқсанында медициналық сақтандыру қоры анықталған бұзушылықтар үшін 300 млн теңгеге жуық сомаға экономикалық ықпал ету шараларын қабылдады. Негізгі бұзушылықтардың қатарына стандарттар және диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларынан ауытқу, құжаттаманың дұрыс толтырылмауы жатады.
– Медициналық ұйымдар пациентті ТМККК немесе МӘМС пакетінде көзделген қызмет үшін қосымша ақы төлеуге заңсыз мәжбүрлеген кезде халықтан өтініштер келіп түседі. Сіз сапасыз медициналық көмек немесе көмек көрсетуден еш негізсіз бас тартумен немесе төлемді талап ету жағдайларына тап болған кезде жүгінетін бірінші инстанция – аталмыш ұйымның пациенттерді қолдау қызметі. Бұл қызмет мәселені "шұғыл және осы жерде" қағидаты бойынша шешуі тиіс. ҚР ДСМ бұйрығына сәйкес, бұл қызмет әрбір медициналық ұйымда бар. Егер олар ештеңе шешпесе, басшылыққа, әкімшілікке жүгіну қажет. Ал егер басшылар да ештеңе шешпесе – Денсаулық сақтау басқармасына немесе тікелей медициналық сақтандыру қорына қоңырау шалыңыз. Бізде осымен үшінші жыл қатарынан 1406 байланыс орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бізде кері байланыстың басқа да көптеген арналары бар: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz сайты, @SaqtandyryBot атты телеграмм-бот бар, – дейді Фазыл Копобаев.
Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының ақпараты бойынша