
Мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 2022 жылдың 1 жартыжылдығында Қазақстанның барлық өңірлерінен 28,2 мыңға жуық өтінім қаралды. Қазіргі уақытта жобаға 589 медициналық ұйым қосылған.
Пилоттық жоба арқылы 2022 жылы мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай қызмет көрсетумен қамтуды 20%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 21,6%-ды құрайды.
Мүгедектік тобын анықтау бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Жалпы, сырттай куәландыруға көшу:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- үйден шықпай-ақ мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын айқындау бойынша қызметтер алуға мүмкіндік береді;
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша