
Қарағанды облысы мектептерінің бірінші сыныптарына құжаттар 1 тамызға дейін қабылданады. Өтінішті онлайн, сондай-ақ қағаз түрде беруге болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан бірінші сыныпқа балаларды қабылдау ережелері туралы айтып берді.

– Өтініштерді қабылдау электрондық үкімет egov.kz порталы және e.bilimal.kz жүйесі арқылы электрондық форматта жүргізіледі, сондай-ақ қағаз түрінде. Бүгінгі таңда облыс бойынша ата-аналардан 17 мыңнан астам өтініш келіп түсті, – деп атап өтті Гүлдана Нұрсұлтан.
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
- ата-аналардан (немесе оларды ауыстыратын тұлғалардан)өтініш;
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- "баланың денсаулық паспорты" 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 3х4 екі фотосурет.
Өтініш бір жұмыс күні қаралады.